Алматыда МӘМС есебінен он жастағы балаға ота жасалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы №1 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері кеуде қуысы ішке қарай кіріп, шұңқыр тәрізденіп кеткен 10 жастағы пациентке операция жасады.

Алматыда МӘМС есебінен он жастағы балаға ота жасалды

Ота құны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) арқылы төленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баламның кеудесіндегі патология кішкентай күнінен болды. Бұрын-соңды бұл мәселе бойынша дәрігерге барған жоқпыз. Бірақ уақыт өте келе ыңғайсыздық тудырып, кеудесі ауыра бастады. Кейінгі кезде тез шаршап, тыныстауы қиындап кеткенін айтып, шағымданып жүрді», - дейді баланың анасы.

Жан-жақты тексере келе, торакальды хирургтар ота жасау туралы шешім қабылдаған.

Nuss әдісіне негізделген бейнеторакальды стернопластика МӘМС пакеті шеңберінде жасалды.

Шағын инвазивті отадан кейін пациент тез оңалып, 3-4 күннен кейін ауруханадан шығуы тиіс.

Торакальды хирург Нұрхат Жүнісовтің айтуынша, кеуде қуысы деформацияға ұшырағанда адам сүйектерінің құрылымы өзгереді. Аталған пациенттің қабырғалары ішіне кіріп кеткен. Соның салдарынан тыныс алу органдары қысылып, дем алуы қиындаған.

«Кеуде қуысының деформациясы әдетте туа пайда болатын генетикалық ақау болып табылады. Бір жақсысы, қазір оны хирургиялық жолмен түзетуге болады. Мұндай операцияларды ашылғанына 12 жылдан асқан біздің Торакальды хирургия орталығының дәрігерлері ересектерге де, жас балаларға да жасайды. Бізде емделген пациенттердің ең кішісінің жасы 3-те, ең үлкені 35-те», - деді Нұрхат Жүнісов.

Ата-анасының сөзіне қарағанда, қазір баланың жағдайы жақсы, ең бастысы патологиядан арылды.

Естеріңізге салсақ, 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет тарапынан сақтандырылады және медициналық қызметті ақысыз пайдалана алады.

Торакальды хирургия бөліміне кеуде қуысы деформациясы байқалған жағдайда Алматы қаласы, Қалқаман ықшам ауданындағы №1 қалалық клиникалық ауруханаға хабарласуға болады.