Алматыда мамыр айының соңында 34 градусқа дейін ыстық болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда мамыр айында орташа айлық температура нормадан жоғары болады. Бұл ретте жауын-шашын мол жауатыны күтіледі. Бұл туралы Қазгидромет мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда мамыр айының соңында 34 градусқа дейін ыстық болады

Синоптиктердің болжамына сәйкес, бұл айда Алматыда орташа ауа температурасы +17,5 градус болады.

«Алғашқы онкүндіктің басында температура түнде +10+15-тен +5+10 градусқа дейін, күндіз +27+32-ден +20+25 градусқа дейін ауытқиды деп күтіледі. Онкүндіктің соңында түнде +5+10, күндіз +15+20 градусқа дейін төмендеуі ықтимал», - деді «Қазидромет» РМК директоры Марина Шмидт.

Ауа райын ұзақ мерзімді болжау басқармасының бастығы Жұлдыз Исабекованың айтуынша, екінші онкүндіктің басында ауа температурасы төмендейді: түнде 0,+5 дейін, топырақ бетінде 3 градусқа дейін, күндіз +10+15 градусқа дейін.

«Ал онкүндіктің ортасында температура түнде +8+13, күндіз +20+25 градусқа көтеріледі деп күтілуде. Кейін түнде +3+8, күндіз +15+20 градусқа дейін төмендейді. Онкүндіктің соңында термометр бағаны біртіндеп жоғарылайды.

Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде +15+20, күндіз +29+34 градусқа дейін көтерілетіні болжануда.

Мамыр айында жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары түседі. Жаңбыр, найзағай және 15-20 м/с екпіндегі жел жиі болады деп күтіледі.

Екінші онкүндіктің ортасы мен соңында тұман түсуі ықтимал», - деді Жұлдыз Исабекова.