14:14, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Алматыда «Марат Кенжеғозин. Ғалым. Азамат. Тұлға» деп аталатын естеліктер жинағы жарық көрді
АЛМАТЫ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «Марат Кенжеғозин. Ғалым. Азамат. Тұлға» деп аталатын естеліктер жинағының таныстырылуы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл шара есімі Англияда шыққан «20-шы ғасырдың 2000 аса көрнекті интеллектуалдары» атты Құрмет кітабына енгізілген, экономикалық реформалардың теориясы мен тәжірибесін дамытудағы еңбегі үшін Ерекшелік орденіне және Кембридж Халықаралық библиографиялық орталығының медалі мен дипломына ие болған академик, профессор, экономика ғылымдарының докторы, Марат Балғожаұлы Кенжеғозинді еске түсіруге арналған дөңгелек үстел жиыны аясында өтті. Көзі тірі болғанда мамырдың 30-ында 70 жасқа толатын М. Кенжеғозиннің есімін ұлықтауға арналған бұл басқосуды ҚР Білім және ғылым министрлігнің Экономика институты ұйымдастырды. Аталмыш жинақтың құрастырушылары - М. Черманова мен Р. Кенжеғозина. Ол ғалым өмірінің соңғы жылдарында еңбек еткен Білім және ғылым министрлігіне қарасты Экономика институтының баспасынан жарық көріп отыр. Ұлы Отан соғысының ардагері, кезінде ҚР Министрлер Кеңесінің Төрағасы (1974-1989 ж.) болған, Социалистік Еңбек Ері Бәйкен Әшімовтің ізгі тілегімен басталған естеліктер жинағына таңдамалы ғылыми мақалалары, алқалы ірі жиындардағы сөйлеген сөздері мен құзырлы басшыларға жолдаған хаттары топтастырылған. Сондай-ақ көрнекті ғалым туралы замандастары, үзеңгілес серіктері мен шәкірттерінің естеліктері мен арнаулары жинақталған.