Алматыда мәслихат депутаттығына үміткерлер анықталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қабылдау үйінде қалалық «Нұр Отан» партиясы бөлімшесінің XXII есепті-сайлау конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кету керек, мұның алдында бизнесмен Ерлан Стамбеков, байкер Дмитрий Петрухин, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ директоры Айбол Бекмұхамбетовтер Алматы қаласы мәслихат депутаты мандатын уақытынан бұрын тапсырған болатын.
Партия филиалының төрағасы Бауыржан Байбек 745 бастауыш партия ұйымында кездесу өтіп, 6 үміткер іріктелетінін хабарлаған болатын.
Партияішілік сайлау нәтижесінде үш үміткер: Жетісу ауданынан «Алматыинжстрой» АҚ бас директоры Асхат Чиликбаев, Түрксіб ауданынан «Өрлеу» біліктілікті жетілдіру Ұлттық Орталығы АҚ басқарма төрайымы Гүлнас Ахметова, «Жол құрылыс басқармасы 13» бастауыш партия ұйымының жетекшісі Михаил Грачев іріктелді. Делегаттар берілген үміткерлер тізіміне бірауыздан қолдау білдірді.
Мәслихат депутаттығына сайлау 28 қазан күні өтеді. Тіркеу - 2 қазанда.
Сонымен қатар, жиын барысында партиялық бақылау мәселелері тілге тиек етілді.