Алматыда математика, физика және информатика пәндерінен Жәутіков атындағы VІ Халықаралық олимпиада ашылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл олимпиада интеллектуалды халықаралық жарыстардың арасында беделді орын алады. Әлемде теңдесі жоқ олимпиада дәрежесі жылдан жылға өсіп келеді. Бұның өзі мемлекет тарапынан талантты жастарға қолдау көрсетілетіндігін айғақтайды», деді ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім департаментінің директоры Нұрғали Аршабеков.
«Олимпиадаға қатысушылардың саны жылдан жылға өсіп келеді. Біз жас таланттарды, биылғы жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық ететін бірінші Еуразиялық мемлекетте сіздерді көргенімізге қуаныштымыз. Сонымен қатар, биылғы жылы жазда болатын 51-ші Әлемдік математика пәнінен өтетін олимпиаданың иесі болатындығымыздың маңыздылығын айта кеткім келеді», деп атап өтті ашылу салтанатында олимпиаданың әділқазылар төрағасы, әл-Фәраби атындағы ҚазҰУ-нің ректоры, академик Бақытжан Жұмағұлов.
Олимпиадаға қатысуға әлемнің 16 елінен; Болгария, Ресей, Беларус, Грузия, Армения, Өзбекстан, Украина, Тәжікстан, Түрікменстан, Румыния, Болгария, Мысыр, Түркия, Индонезия, Монғолия, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасынан 312 қатысушыдан тұратын 49 команда келді. Биылғы олимпиадаға Түрікменстан және Мысыр елдерінің командалары бірінші рет қатысады. 4-5-ші Жәутіков олимпиадасының гран-при иегерлері Мәскеу командасы, сонымен қатар ең мықты командалардың бірі саналатын Румыния түленктері биылғы жылғы жарысқа қатысуға ниет білдірген.
Халықаралық әділқазылар алқасының құрамында 8 елдің: Қазақстан, Болгария, Ресей, Беларус, Армения, Өзбекстан, Украина, Болгария, Грузия ғалымдары жұмыс істейтін болады.
Олимпиада қаңтар айының 17-не дейін өтеді.