Алматыда математика пәні мұғалімдерінің форумы өтіп жатыр
Форумға білім беру ұйымдарының басшылары, ғалымдар мен үздік мұғалімдер, аудандық білім бөлімінің басшылары, қаланың барлық мектептерінің математика пәні мұғалімдері қатысуда.
Басқосуда қала мектептерінде математикалық білімнің дамуы мен жағдайы, математиканы тереңдетіп оқыту, математика пәні мен дидактикалық материалдардың мазмұнына қатысты сұрақтар, математика пәні мұғалімдерінің мәртебесін көтеру, математикалық білім беру сапасын арттыру сынды мәселелер талқылануда.
«Біріншіден, Қазақстанның барлық мектептерінде математика пәні сабағының сағатын көбейту керек. Апталық сағаттың аздығынан бүгінде математиканың сапасы төмендеп кетті. Бұл пән 6 сағаттан кем болмауы керек. Мысалы, Ресейде, Қытайда да 6 сағаттан аз емес. Бізде қазір 3 сағатқа төмендетіп жіберді. Астанада өтетін съезде алдымен осы мәселе көтерілуі қажет. Екіншіден, оқушыларды математика пәнінен екіге бөліп оқыту керек. Математика дұрыс өмір сүру үшін қажет, сондықтан бұл пән 11-сыныпқа дейін оқытылуы керек, мен әріптестерімнің 5-6 сыныптан кейін деңгейлеп бөліп оқыту керек деген ұсыныстарына қосылмаймын»,-деді №126 физика-математика мектеп- лицейдің директоры, «Құрмет» орденінің иегері Әбдімәжит Өтеш.
№143 мектептің математика пәнінің мұғалімі Роза Әлібаеваның айтуынша, математика пәніне бөлінетін сағаттың аздығынан оқушылардың математикадан білім сапасы төмендеуде. «Жалпы білім беретін мектепте математика сабағы 10-11 сыныптарда 3-ақ сағат өтеді. Бұл балалардың терең білім алуына жетіспейді. Сондықтан сағат санын көбейтсе, сонымен қатар, оқулықтардың сапасын жақсартса, көрнекі құралдардың санын көбейтсе. Әр бағдарлама бойынша көрнекі құралдар жеткіліксіз, ал оны дайындау бізге едәуір салмақ түсіреді, сабаққа кедергі жасайды. Сонымен қатар, үшінші ұсынысым бар: математика күрделі пән болғандықтан, балалардың терең білім алуы үшін сынып оқушыларын топқа бөліп оқыту керек деп санаймын. Бүгінде бізде бір сыныпта 30 баладан оқиды», -деді ол. Роза Әлібаева сонымен қатар, кадр мәселесіне назар аудару қажет деп атап өтті.
Ал, математикалық білім саласын артыру жөнінде өз пікірін білдірген «Жаңа ғасыр» № 175 гимназияның математика пәні мұғалімі Күләш Жүзжасарова: «Математика пәні бойынша жетістіктің 90 пайызы еңбексүйгіштікке, 10 пайызы талантқа байланысты екені баршаға мәлім. Бүгінгі таңда дарынды оқушылармен жұмыс жоспарлы және жүйелі түрде жүргізілуі тиіс деп санаймын. Ұсынысым - ғалымдар мен ынталылардың, жоғарғы оқу орындары оқытушыларының, мектеп мұғалімдерінің, үйірме жетекшілерінің қозғалысын қолдайтын талантты оқушыларды анықтау және қолдау мақсатында әр ауданда математикалық жарыстар мен олимпиадалар қауымдастығын ұйымдастыру қажет», -деді.
Форумның соңында математика пәні мұғалімдері І Съезінің делегаттары сайланады деп жоспарлануда.