Алматыда «Мәуліт» мерекесіне арналған рухани кеш өткізіледі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда алдағы 17-ші қаңтар күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Республика сарайында «Мәуліт» мерекесіне арналған рухани кеш өткізіледі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл іс-шараны өткізудегі басты мақсат - жастардың діни көзқарасын дәстүрлі дініміздің талаптарымен, әдет-ғұрпымыздың құндылықтарымен, ұлттық болмысымызбен ұштастырып, иманды, зиялы, зайырлы, қоғам құруға үлес қосу.
Шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрғасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбек, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен дін қызметкерлері қатысады деп күтілуде.
Мерекелік шарада елге танымал әншілер рухани тәлімді әндер орындап, өнер жұлдыздары тағылымды қойылымдар көрсетеді. Сондықтан айтулы іс-шараға дін мен дәстүріміздің жанашыр азаматтары - Бекжан Тұрыс, Тоқтар Серіков, Саят Медеуов, Еркін Нұржанов сынды әншілер мен «Жігіттер» квартеті және «Өнер қырандары» театры өнер көрсетеді.
Айта кетелік, Мәуліт айы - екі дүниенің сардары Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) - ның дүниеге келген айы. Мәуліт айын мерекелеу арқылы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелерін болашақ ұрпаққа насихаттап, Ислам дінінің қадір-қасиетін түсіндіруде маңызы зор.