Алматыда Мәуліт мерекесіне арналған шара өтті
АЛМАТЫ. Наурыздың 21-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Алматыда Мұхаммед Пайғамбардың туылған күні Мәуліт мейрамына арналған жиын өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл мереке наурыздың 8-інде басталған болатын. Бұл күн араб тілінде «Мәуліт ән-Наби» деп аталады. Яғни, қазақ тілінде «Пайғамбардың туған күні» деген мағынаны білдіреді. Осы күні дұғалар оқылып, Пайғамбарымызға салауат айтылады, тұрмысы төмен адамдарға қайыр-садақа таратылады.Бүгін осыған орай Алматы қаласының орталық мешіті мен Медеу ауданы әкімдігі бірлесіп Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында салтанатты жиын ұйымдастырды. Оған Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілдері, Медеу ауданы әкімдігінің қызметкерлері, қалалық мәслихат депутаттары қатысты. Мерекелік шарада Пайғамбарды дәріптеу бағытында дұғалар оқылып, діни әндер айтылды. Сондай-ақ, Қазақстандағы Ислам дінінің дамуы, еліміздің мұсылмандар басқармасының іс-қызметі жайынан хабар беретін деректі фильм көрсетілді.Айта кетелік, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Ислам дінінің дамуына Елбасы тарапынан үлкен мән берілді. Қазірде республика көлемінде салынған мешіттердің саны 2300-ден асып жығылады. Ал мұсылмандар саны 11 млн. шамасында.