Алматыда маусым айында газбен жүретін 200 жаңа автобус жолға шығады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда маусым айында қала көшелеріне газбен жүретін қосымша 200 автобус шығатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық мобильділік басқармасына сілтеме жасап.
Барлығы биыл 460-тан астам жаңа автобус алу жоспарланған.
«Сыйымдылығы үлкен жаңа автобустар кондиционерлермен, пандустармен және видеобақылау жүйелерімен қамтылған. Жаңа жылжымалы құрам көлікті күту уақытын және бағыттардағы кептеліс сағаттарын қысқартуға мүмкіндік береді»,- деді басқармадан.
Айта кетерлігі, қазірдің өзінде «Алматыэлектротранс» ЖШС орнатқан камералар арқылы жүргізушілер бақылауға алынған. Барлық тәртіп бұзушылық тәртіптік кеңесте қаралады.
«Оңай» жүйесі енгізілгеннен кейін қаланың автобус парктері 80%-ға жаңарды, көлеңкелі айналымдағы қаржы шығарылды.
Егер бұрындары автопарктер бюджет қаржысы есебінен жаңарса, қазір тасымалдаушылар өз қаржыларын инвестициялауға мүмкіндік беретін ашық нарықтық механизмді ұтымды қолдануда. Жыл басынан бері қарай №65, №60, №14 бағыттар бойынша 125 жаңа автобус жүре бастады.
Жалпы, Алматыда көлік реформасы аясында екі жыл ішінде ғана қаланың автобус паркі 80%-дан астам деңгейге жаңарды. Еліміздегі алғашқы BRT желісі жұмыс істей бастады, каршэринг қызметі енгізілді, метроның екі стансасының құрылысы жалғасуда және LRT қолға алынды.
Бұлардан өзге, 15 сәуірден бастап қалада 120-дан астам көшені орташа жөндеу жұмыстары басталады. Қаланың 14 ықшам ауданындағы 456 көшеге жаңа жол төселеді. Жөндеу жұмыстары қоғамдық көліктің жүру кестесі мен бағыт қозғалысына кері әсерін тиігзбейді. Кептелісті болдырмау мақсатында жол тек түн мезгілінде ғана жабылады.