14:43, 01 Наурыз 2009 | GMT +5
Алматыда Майра Ілиясованың «Жан анам» атты авторлық ән кеші өтеді
АЛМАТЫ. Наурыздың 1-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда наурыздың 3-інде ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясованың «Жан анам» деп аталатын авторлық ән кеші өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оны Алматы қаласының әкімдігі мен «Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясының қолдауымен «Майра» продюсерлік орталығы ұйымдастырып отыр. Өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін бұл шараны «Жігіттер» квартеті жүргізбек. «Биыл бесінші рет өтетін бұл концерт менің алғашқы музыкалық жобам болып саналады. Биыл оның жүзеге асырылып келе жатқанына бес жыл толып отыр. 2008 жылдан басталған «Сағындырған әндер-ай» деп аталатын ретро әндер фестивалі деп аталатын жобам бойынша ақпанның 18-інде тағы бір концерт өткен болатын. Енді маусым айында үшінші жобаның да тұсауын кесуді жоспарлап отырмын. Жалпы менің ойымша, концерттік жобалардың көп болғаны жақсы. Бұл тыңдарманның олардың арасынан өзіне ұнағанын таңдап алуына септігін тигізеді», дейді «Майра» продюсерлік орталығының жетекшісі Майра Ілиясова. ҚР еңбек сіңірген әртісінің пайымдауынша, қазір кейбір шаралар халықты рухани тұрғыдан байытуды мақсат тұтпай, одан қалай табыс табуға болады деген оймен ғана ұйымдастырылып жүр. Сондай-ақ онда өнер көрсететін әншілер жанды дауыспен ән айтып жүрген жоқ. Қазір мәдениет пен өнердің орталығы саналатын Алматыда әншілер көбінесе тек қалалық әкімдіктің мерекелік шараларына орай ұйымдастырылған концерттеріне ғана қатысып жүр. Сондықтан алдағы уақытта жүзеге асырылатын жаңа жобасында әнші-продюсер жанды дауысқа көбірек мән бермекші.