Алматыда Мәжіліске депутаттыққа 7 зейнеткер мен 6 жұмыссыз үміткер бар
Спикердің сөзінше, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына 2023 жылғы 20 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласынан барлығы 143 кандидат ұсынылды.
«ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына барлығы 104 кандидат тіркелді. 36 кандидатты тіркеуден бас тартылды. Негізгі себептер: тиісті құжаттарды ұсынбау сондай-ақ кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келмеуі. Ал бір кандидат Мемлекеттік кірістер департаментінен декларация бойынша өте алмады. 2 адам кандидатурасын кері қайтарып алу туралы өтініш берді», - дейді Айгүл Қалықова.
Айтуынша, округтер бойынша ең жоғары бәсекелестік – № 3-ші округте 37 адам. Тіркелген үміткерлердің 73-і ер, 31-і әйел адам.
«Сондай-ақ тіркелгендердің 17-сі бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, коммерциялық құрылымдардың қызметкерлерінің саны – 65 адам. 7 зейнеткер, 6 жұмыссыз және 2 адам қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қоғамдық қорлар – 4, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар-3»,- деп атап өтті Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Қалықова.
Сонымен қатар ол бір мандаттық округтер бойынша Парламент Мәжілісіне өзін - өзі ұсыну тәртібімен тіркелгендердің қатарында 91 адам бар екенінің жеткізді.