Алматыда мәжілісмендер 100-ге жуық кездесу өткізеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мегаполисте мәжілісмендер 100-ге жуық іс-шара өткізеді. Бұл туралы Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда мәжілісмендер 100-ге жуық кездесу өткізеді

Мәжіліс депутаттарының өңірлерге жұмыс сапарының бірінші аптасы халықпен кездесуге арналды.

Әлеуметтік сала мен Алматы қаласы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасына енген нысандар халық қалаулыларының басымдығына айналды.

Мәжілісмен Бекқали Торғаев пен Артур Платонов жедел медициналық көмектің мамандандырылған автокөлік кәсіпорнын аралау барысында халықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету үшін мегаполиске қосымша тағы 7-9 қосалқы станция қажет екенін айтты.

Сонымен қатар, халық қалаулылары денсаулық сақтау министрлігінің санаттарды алып тастау бағдарламасындағы алдағы өзгерістер дәрігерлердің жалақысының айтарлықтай төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін тілге тиек етті.

«NarkoStop» қозғалысының белсенділерімен кездескен ең жас Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов синтетикалық есірткіге тәуелді жастар саны 2,5 есе өскенін мәлім етті.

Мүгедектігі бар алматылықтарға дербестік пен экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге көмек көрсететін «Ten Qogam» әлеуметтік қолдау орталығына барған депутаттар Айгүл Құспан мен Жұлдыз Сүлейменова мүмкіндігі шектеулі адамдардың жағдайын білді.

«Заңнамада мүгедектігі бар адамдар үшін жан-жақты жағдай жасау бойынша іс-шаралар көзделген, бірақ олардың күнделікті өмірде айтарлықтай қиындықтарға тап болғаны барлығына аян», - деп атап өтті Айгүл Құспан.

Сонымен қатар, мәжілісмендер өңірді «Nur Otan» партиясынан Алматы қаласы мәслихатының депутаттарымен бірлесе бақылауда.

«Бұл - біздің Алматыдан келген мәжілісмендермен екінші практикалық кездесу. Мәслихат депутаттары үшін мұндай кездесулер коммуникацияларды дамыту және саяси жұмыс тәжірибесімен толықтыру жөніндегі шеберлік сағаттары іспетті. Өңірдегі бірлескен іс-шараларды аяқтай отырып, біз проблемалық мәселелерді одан әрі екі жақты пысықтауды жалғастырамыз. Бұл - бар проблемаларды шешу жөніндегі бастамалар мен ұсыныстарды жан-жақты әрі сапалы қарауға берілген мүмкіндік», - деп атап өтті депутат Әсия Ақанова.