Алматыда Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің көшпелі отырысы өтті
АСТАНА. 2 маусым. ҚазАқпарат - Алматы қаласында Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің көшпелі отырысы өтті.
Комитеттің «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында көшпелі отырыс өткізудің мақсаты - Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңару - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында жария етілген негізгі бағыттарды іске асыру үшін жоғары технологиялық әзірлемелерді және бәсекеге қабілетті өндірістерді құру, енгізу және дамыту мәселелерін талқылау.
Көшпелі отырысқа депутаттар және министрліктер, ұлттық компаниялар және акционерлік қоғамдар өкілдері қатысты. Отырыста Қазақстан Республикасында жоғары технологиялық, бәсекеге қабілетті әзірлемелерді енгізу және дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Парламентшілер осы сапар барысында «Алматы вентилятор заводы» ЖШС-і, «Сатпаев атындағы ҚазҰТУ Технопаркі» АҚ-ы, «КПМС ҰО РМК-і», «Мембранды технологиялар» ЖШС-і сияқты өндіріс орындарында болды. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағына қатысушы компаниялар іске асыратын жобалармен танысты.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің көшпелі отырысыбесінші сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясының өкілеттіктерін іске асыру жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспарына және Палата Бюросының 2012 жылғы 18 мамырдағы шешіміне сәйкес өткізіліп отыр.