Алматыда "Медиация саласындағы тиімді қарым-қатынас жасау механизмін қалыптастыру" тақырыбында халықаралық форум өтіп жатыр
АЛМАТЫ. 5 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін «Медиация туралы» ҚР Заңы өз күшіне енді. Бұл медиаторлардың Алматыда өтіп жатқан "Медиация саласындағы тиімді қарым-қатынас жасау механизмін қалыптастыру" деген тақырыптағы 2-халықаралық форумда айтылды.
Оны "Медиация" Бірыңғай медиация және бітімгершілік орталығы қоғамдық бірлестігі мен Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы ұйымдастырды.
"Форум ең алдымен "Медиация туралы" ҚР Заңының өз күшіне енуіне арналып отыр. Біз бұл күнді Қазақстандағы медиация күні деп жариялауды ұсынбақпыз. Медиация - бұл бітімгершілік. Ол дауласқан тараптардың келіспеушлігін шешіп қана қоймай оларды бітімге, өзара түсіністікке шақырады. Кері байланысты ұйымдастырып, адамдарды сөйлеуге, тыңдауға үйретеді", - дейді "Медиация" Бірыңғай медиация және бітімгершілік орталығының Басқарма төрайымы Светлана Романовская.
Оның айтуынша, бұл форумда олар медиация саласында құзырлы органдармен тиімді қарым-қатынас жасау тетіктерін қалыптастыру мәселесін талқыламақ. Қазір адамдар арасындағы бір-бірін түсінбеушілік дау-жанжалдан қан төгіске дейін апаруда. Сондықтан да қазір бітімгершілік қызметті дамытудың маңызы мен рөлі өте зор. Медиаторларды дайындау жұмысын қоғамдық бірлестік өз қолына алып, бірнеше жылдың ішінде қажетті мамандарды жеткілікті деңгейде әзірлеп шықты.