Алматыда Медиаторлар форумы өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Бүгін Алматыда екікүндік медиаторлар форумы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыда Медиаторлар форумы өтіп жатыр

Шараны ҚР судьялар одағы, Талдықорғанның «Контакт» тұтынушылар құқығын қорғау орталығы, «Сана сезім» ҚҰ-ы, Қазақстанның тәуелсіз директорлары қауымдастығы БҰҰ-ның «Қазақстандағы әділ сот пен ақпараттық еркіндігі мен айқындылығы» атты бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырған.

Форумға 60-қа жуық медиатор, судьялар мен адвокаттар, ҮЕҰ-дың өкілдері қатысуда. Шараның басты мақсаты Қазақстанда медиация институтының дамуы, қызығушылық білдірген тұлғалардың басын қосу, құжаттарды дайындау, мамандарды сертификациялау бағытында пікір алмасу болып табылады. БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілінің көмекшісі, Тиімді басқару департаментінің жетекшісі Екатерина Паниклованың айтуынша бұл бағыттағы алғашқы конференция Қазақстанда 2000 жылы өткен болатын. «Өкінішке орай бұл түсінік кең таралып отырған жоқ. Көбінесе медицинадағы медиатация терминімен шатастырады. Бұл қазақта бұрыннан бар түсінік. Мысалы төрелік сұрап рудың ақсақалдарына жүгіну, қазіргі заманғы медиацияға ұқсас» дейді ол. Ұлттық тұтынушылар лигасының президенті Светлана Романскаяның айтуынша алдағы уақытта медиацияны енгізу бағытында бірқатар шаруалар атқарылуы тиіс. «Ең алдымен БАҚ-ын осы тақырыппен тереңірек таныстыру керек. Бүгінгі шара соның бастамасы. Конференция қорытындысы бойынша жасалған ұсыныстар «ҚР Медиация туралы» заңының тезірек қабылдануына септігін тигізеді деп ойлаймын» дейді ол.