Алматыда медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
/strong>Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Осы жылы Алматыда жеті денсаулық сақтау кешенін салу жоспарлануда. Бұл жайында бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиналыс барысында мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Дағдарысқа қарамастан 2010 жылы қаламыздағы денсаулық сақтау саласына 27,2 миллиард теңге бөлініп отыр, бұл өткен жылға қарағанда 1,5 есе көп. Бөлінген қаржының көптігі нақты нәтижелерін әкелуде. Қалада өлім деңгейі азайып, бала туу көрсеткіші өсіп отыр. Сонымен қатар еркектердің орташа өмір сүру жасы төрт жылға, әйелдердікі - 1,5-ке артып отыр», деп атап өтті өз сөзінде қала әкімі.
Қаламыздағы медицина қызметкерлері жыл сайын мереке қарсаңында атқарылған істерге есеп беріп, жетістікке жеткен әріптестеріне құрмет көрсету үшін кәсіби конкурстар өткізуді дәстүрге айналдырған. Биылғы конкурстың нәтижесі бойынша «2010 жылдың үздік дәрігері» жүлдесі №5 қалалық клиникалық аурухана дәрігері Жамбыл Анарқұлұлы Фазыловқа бұйырса, «2010 жылдың үздік медбикесі» марапатына да осы аурухананың медбикесі Мәдина Баева ие болды.
Сондай-ақ қала әкімі бүгін үздік медицина қызметкерлерін арнайы құттықтау қағаздарымен марапаттап, үш қызметкерге пәтер кілтін табыс етті.
Қаладағы ақ халатты абзал жандар 35 мыңнан астам қала тұрғындарынан тұратын мекен-жайлары бойынша күнделікті бастапқы медико-санитарлық көмек көрсету, 30 мыңнан астам диагностикалық зерттеулер жүргізу және 1500-ге дейін жедел медициналық жәрдем көрсетеді. Сонымен қатар 6000-дай науқасты емдеу және оларға жедел терапиялық көмек көрсету үшін қала стационарларына жатқызу, күнделікті 300-ден астам күрделі хирургиялық операциялар жасау мен 70-тен аса ананы босандырып алады.