Алматыда медицина қызметкерлеріне үстемеақы 96%-ға төленді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне берілуі тиісті үстемеақы 96 пайызға төленді. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабалайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Дәрігерлердің үстемеақысына келсек, бұл қаражат осы айдың басынан төлене бастады. Осы мақсатта 1 млрд 134 млн теңге бөлінді. Барлығы 3711 адам үстемеақы алады», - деді Тілеухан Әбілдаев.
Оның айтуынша, қазір 1-топтағы 555 медицина қызметкеріне 375,1 млн теңге берілген. 2- топтағы 2283 адамға 569,9 млн теңге аударылған. 3-топтағы 874 қызметкерге 118,3 млн теңге төленген.
«Төлемдер атқарылған жұмыс сағатына қарай беріледі. Бұл қаржы айлық жұмыс балансынан аспауы керек. Салық кодексіне сәйкес барлық салықтар ескеріледі. Қазір барлығы 1 млрд 63 млн теңге төленді. Бұл бөлінген қаражаттың 96%-ы», - деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгін кешке дейін жедел медициналық қызмет өкілдеріне, 2 карантин ұйымы қызметкерлеріне төлем аударылады.