Алматыда медициналық қоқысты зарарсыздандыратын цехтар салынуда
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда барлық емдеу мекемелерінде медициналық қоқысты зарарсыздандыратын цехтар ашылатын болды. Бұл туралы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Санитарлық дәрігердің айтуынша, қалада медициналық мекемелерде медициналық қоқысты зарарсыздандыратын арнайы цехтардың құрылысы басталған. Яғни, медициналық қоқыстар енді қашық жерлерге тасымалданбайтын болды.
«Пандемия басталғалы бері жеке қорғаныс құралдарын жою мәселесі өзекті болып тұр. Бұрын медициналық қоқыстар сыртқа шығарылып өртелетін. Қазір емдеу мекемелерінің қасынан зарарсыздандыру цехтары салынып жатыр. Тасымалдауды қажет етпейтін жою жүйесі қазір инфекциялық ауруханаларда тиімділігін көрсетіп жатыр. Жақында осындай цехтар 15 емдеу мекемесінде пайда болады», - деді Жандарбек Бекшин Atameken Business телеарнасының тікелей эфирінде.
Айта кету керек, Алматы қаласы қызыл аймаққа енуіне байланысты жаңа қаулы қабылданды.
Қаулыға сәйкес сауда, ойын-сауық орталықтары мен базарлар сенбі-жексенбі күні жұмыс істемейді.
Ал кинотеатрлар мен театрлардың жұмысы уақытша тоқтатылды.
Сонымен қатар, жаңа қаулыға сәйкес енді коронавирус жұқтырған адамдар ауруханаға жатып емделеді.