Алматыда медициналық сақтандырылған азаматтарға диагностикалық қызметтер тегін көрсетіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде салалық мамандардың көмегіне тегін жүгінуге болады. Бұл туралы Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Назгүл Иманғалиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда медициналық сақтандырылған азаматтарға диагностикалық қызметтер тегін көрсетіледі

Дәрігердің айтуынша, салалық маманның қабылдауына емханадағы жалпы практика дәрігері арқылы жазылуға болады. Одан кейін пациенттің денсаулық жағдайына қарай профильдік маманға жолдама беріледі.

«Салалық мамандардың консультациясы, КТ, МРТ, рентген, тағы да басқа диагностикалық қызметтер сақтандырылған азаматтарға міндетті медициналық сақтандыру арқылы көрсетіледі. Ол үшін емдеуші дәрігердің жолдамасы қажет. Дәрігер жолдаманы тиісті көрсетілімдер мен ауру белгілеріне қарай жазып береді», - деді Назгүл Иманғалиева.

Айта кетерлігі, қажетті қызмет түрі емханада көрсетілмесе, пациентке басқа емдеу мекемесіне жолдама берілуі тиіс. Қызмет медицина ұйымдары арасындағы қосымша келісімшарт негізінде көрсетіледі.

«Шұғыл жағдайда медициналық көмек кешіктірілмеуі тиіс. Егер емхана қызмет көрсетуден орынсыз бас тартса, клиника жанындағы пациенттерді қолдау қызметіне хабарласып, мәселені сол жерде шешуге болады», - деді спикер.

Оның айтуынша, учаскелік дәрігердің жолдамасын қажет етпейтін жағдайлар да болады.

«Мысалы, салалық маман қойған диагнозды нақтылау мақсатында қосымша инструменталдық тексеру жүргізу, шұғыл стоматологиялық көмек қажет болса, тіркелген емханадағы акушердің немесе писхолог маманның қабылдауына кіруге, дерматовенорологиялық сырқаттарды емдеу үшін жолдама алудың қажеті жоқ. Мұндай жағдайларда аталған қызметтерді көрсететін клиниканың тіркеу бөліміне жазылса жеткілікті», - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Назгүл Иманғалиева.