Алматыда мегаполисті одан әрі дамытуға қатысты Үкіметтің көшпелі мәжіліс өтеді
АЛМАТЫ. 14 сәуір. ҚазАқпарат - Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов кеше Премьер-Министрдің қатысуымен өткен мәслихаттың кезектен тыс сессиясында министрлер кеңсесінің басшысына мегаполисті одан әрі дамытуға қатысты Үкіметтің көшпелі мәжілісін өткізуді ұсынды.
Өз сөзінде әкім, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы арқасында соңғы 3 жыл ішінде Алматыда 13 мың үлескер мәселесі шешілгендігін атап өтті. Егер Үкімет 19,3 миллиард теңгені бөлетін болса, онда биыл қалған 3 200 үлесті құрылыс мәселесін толық шешуге мүмкіндік туар еді. Сонымен қатар, 2011 жылы ипотека мәселесі де шешімін табатын болады.
Алматының бүгінгі таңдағы басты басымдықтарының бірі - жаңадан ашылған Алатау ауданын дамыту. Ашылған күннен бастап мұнда жергілікті атқару органдарының ғимараттары, жаңа мектептер, бала бақшалар, емханалар, салынды, 160 көше жасалып, су, газ құбырлары тартылды. Бүгінгі таңда «қызыл жиектен» асып кеткендер мәселесін шешу қолға алынып отыр. Көпшіліктің қолы жететін тұрғын үйлер салынуда. 4 мың 500 жерді өз бетімен басып алушылардың 3 мыңының мәселесі шешімін тапты. Қала әкімі жергілікті бюджет есебінен Техникалық-экономикалық негіздеме жасалғандығын, жаңа ауданда желілерін жүргізу үшін қаржы бөлінгендігін айтты. Ол сонымен қатар, қазақстандық және шетелдік кәсіпкерлер мен инвесторлардың жаңа индустриялды аймақта инновациялық өндірісті дамытуға ниет білдіріп отырғандықтарын да жеткізді.
«Бұл жалпы қала экономикасын дамытудың қуатты алаңы болар еді»,-деді Ахметжан Есімов.
Алматы әкімі Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы аясында жүзеге асырылуы тиіс тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен тұрғын үй секторын дамыту мәселесіне де кеңінен тоқталды. «Біз жалпы құны 1,4 миллиард теңге болатын өзіміздің мемлекеттік тұрғын үй бағдарламамызды бастадық. Биылдың өзінде 1 миллиард 100 мың теңгесі игерілетін болады, қалғаны келер жылы жүзеге асады», - деді әкім.
Жол инфрақұрылымы нысандарының құрылысын, шығыс айналма жолын, метрополитенді, ірі «Ахсель Кент» мөлтекауданы маңында жол айрығын, Алатау ауданы Рысқұлов даңғылының бойында түрлі нсандарды салу үшін қосымша 60 миллиард теңге қажет. А. Есімов бұл жобалардың барлығы Алматының экологиясын жақсарту үшін маңызды екендігін атап өтті.
«Алматы-тек демалатын ғана қала емес. Бұл еңбекшілер қаласы және ол мемлекетке пайда келтіруде. Республикадағы салық түсімінің 29,4 пайыз үлесін Алматы беруде. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы арқасында біздің қаламызды одан әрі дамытып, гүлдендіруге, экологиялық таза қалаға айналдыруға толық мүмкіндік бар»,-деп қорытындылады өз сөзін Ахметжан Есімов.
Министрлер Кеңсесінің басшысы өз кезегінде көтерілген мәселелердің расында да нақтылы шешімдерін табуы тиістігін, өйткені Алматы ең ірі коммерциялық қала екендігін әрі Қазақстан үшін ерекше роль атқаратындығын атап өтті. Кәрім Мәсімов мегаполистің одан әрі дамуына қатысты мәселелерді шешу үшін Алматы қаласында Үкіметтің көшпелі мәжілісін өткізуді тапсырды. Көшпелі мәжіліс үстіміздегі жылдың мамыр айында өтеді деп белгіленді.