Алматыда мектеп оқушылары мен студенттер «ОҢАЙ» жол жүру билетін жаз мезгілінде де пайдалануға мүмкіндік алды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мектеп оқушылары мен студенттер «Оңай» жол жүру билетін жаз мезгілінде де пайдалануға мүмкіндік алды. Бұл туралы бүгін «ОҢАЙ» электрондық билеттендіру жүйесі операторының баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

Осылайша, бұған дейін хабарланғанындай, биылғы жылы 1 шілде мен 31 тамыз аралығында оқушылар мен студенттерге арналған «Оңай» жол жүру билетінің қолданылмайтындығы туралы шешім күшін жойды.
Алматы әкімдігі мен «ОҢАЙ» электрондық билеттендіру жүйесі операторының өзара келісімі бойынша, енді жаз айларында мектеп оқушылары мен студенттер «ОҢАЙ» жол жүру билетін пайдалана алады. Олардан басқа, жол ақысы бойынша белгілі бір жеңілдіктерге ие азаматтар да өздерінің жеңілдетілген жол жүру карточкасын пайдалануларына болады.
Естеріңізге сала кетелік, мектеп оқушылары мен студенттерге арналған көлік картасының бағасы қалалық қоғамдық көліктердегі тарифтің 50 пайызын құрайды. Мұндай жеңілдік жас мөлшері бойынша зейнеткерлерге және 18 жасқа толмаған төрт және одан да көп балалары бар аналарға да берілген. Ал Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері, жасы 75-тен асқан зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар, бірінші, екінші топтағы мүгедектер және жасы 18-ге толмаған мүгедек жандар қоғамдық көліктерде тегін жүре алады.

Соңғы жаңалықтар