Алматыда мектеп оқушыларының баскетболдан қалалық біріншілігі басталды
АЛМАТЫ. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Жәния Әубәкірованың авторлық мектебі залында «ҚКМ Мектеп Лигасы» атты баскетболдан Алматы қалалық біріншілігінің ашылу рәсімі болып өтті.
Оған қаладағы 13 мектептің 5-6 және 7-8 сынып ұл-қыздарынан құралған 20 команда қатысады. Ұлттық баскетбол қауымдастығымен бірлесе ұйымдастырып отырған «Қазына Капитал Менеджмент» компаниясы осы шараның демеушісі болып отыр. Ал жобаға «Литер», «Алаш айнасы» және «Дружные ребята» басылымдары ақпараттық қолдау көрсетуде.
Жалпы сайысқа қатысушылар саны 240 адам. Бүгін басталған қалалық жарыс келер жылдың мамырына дейін жалғасады. Бұл уақыт аралығында 173 ойын өткізу жоспарланған. Жарыс барысында әр жұма күні іріктеу турлары өткізіледі. Ал жалпы сайыс барысы www.sbasketball.kz сайтында тұрақты жарияланып тұратын болады.
Бүгінгі ашылу салтанатында жобаның барлық қатысушыларына спорттық киімдер мен баскетбол доптары сыйға берілді. Ресми ашылуынан соң №87 орта мектеп пен №35 гимназия командалары алғашқы ойынды бастап кетті.