Алматыда мектептер мен жатақханалардағы санитарлық нормалардың сақталуы тексерілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мектеп пен ЖОО жатақханаларында санитарлық нормалардың сақталуын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ержан Бабақұмаров аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, мегаполистің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшинмен бірге № 177, №10 мектептердің және Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеттің № 1,4 жатақханалары үлгісінде оқу процесін офлайн формат аясында ұйымдастыруда қауіпсіздік шараларының сақталуын тексерді.
Басты міндет – білім беру ұйымдарында коронавирус инфекцияның таралуын болдырмау үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына қатаң бақылауды қамтамасыз ету. Жұмыс тобы Ashyq жобасы аясында жұмыс істегенде өткізу режимінің сақталуын және қызметкерлердің вакциналану мәртебесін, жұмысқа жарамды тепловизордың болуын, дезинфекция режимінің сақталуын, маска режимін және әлеуметтік қашықтың сақталуын тексерді.
Қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин оқушылар мен стденттерді коронавирустан қорғаудың үш желілі жүйесінің сақталуы маңызды екеніне назар аударды, олар: термометр, рецеркулятор, санитайзер және жеке қорғаныс құралдарын қолдану.
Айта кетерлігі, оқу жылы басталғанға дейін Алматы мектептерінде барлық жағдай жасалды. Дезинфекциялық құралдар мен маска қоры бар. Сабақ кестесі білім алушылардың байланысын барынша азайту мақсатында құрылды. №177 орта мектептің директоры Тұрсын Таңатов профилактикалық шаралардың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын мәлім етті.
Мектепте 2 192 оқушы бар, оның ішінде 144 бала ата-аналардың өтініші бойынша қашықтан білім алып жатыр. Мектепте оқушылардың үзіліс кезінде бір сыныптан екіншісіне ауыспауы үшін аудиторияда оқу режимі бар. Үзіліс кезінде, ауысымның өзгеруі кезінде және оқу күнінің соңында сыныптар мен бөлмелер жуылып, тазартылады, ауасы желдетіледі, тұтқа, баспалдақ мен тұтқалар өңделеді.
«Біздің оқушылар мектепке температураны өлшеп, қолдарын өңдегеннен кейін кіреді, кіре берісте дезинфекциялаушы туннель де орнатылған. Әр сыныпта мұғалім температураны өлшейді, мәліметтер арнайы журналға жазылады. Кіре берісте адамдар топталмайды, өйткені үш кіреберіс ашық тұр»,– деді мектеп директоры.
Студенттер жатақханасында студенттерді орналастыруды ұйымдастыру процесі тексерілді. Жатақхана ғимараттарындағы кіре берісте студенттер Ashyq қосымшасын қолданады, әр қабатта дезинфекция құралы орнатылған. Жатақханада эпидемияға қарсы шаралар кешені жүргізіледі, тұрғын жайлар үнемі желдетіледі, жатақханада тұратындармен байланыс барынша азайтылды.
«Оқу жылы басталғанға дейін университет оқытушыларының 73% вакциналанды, қалғаны медициналық қарама-қайшылығы бар және дерттен сауыққандар. Бүгінде оқушылардың 49%-ы вакциналанған. 1-31 шілде аралығында вакциналанған жастар арасында көп сыйлық ойнатылды. Стартапты іске асыру үшін 5 миллион теңге, жатақханаларда ақысыз тұру үшін 20 орын, үздік мемлекеттік және шетелдік ұйымдарда тағылымдама, 100 тегін «Қолдау» кәсіпкерлік бойынша курстар ойнатылды»,– деді ҚазҰТУ ректоры Мейрам Бегентаев. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров студенттер мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндет екенін атап өтті. Сондықтан педагогтар мен ата-аналар арасында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру маңызды.
Бүгінде Алматыда 895 959 адам вакциналанды, оның ішінде 34 786 (100%) оқытушы, 14 875 (70%) ЖОО қызметкері, 57 044 (34%) студент. Дәстүрлі оқыту форматы сапалы білім мен дағдыларды беруге мүмкіндік береді. Осыған байланысты мектептер мен жоғары оқу орындарының әкімшілігіне қауіпсіздікті қамтамасыз ету және инфекцияның таралуын болдырмау шараларын күшейту тапсырылды.