Алматыда мектептерінің бірінде «Салауатты мектептер - зерделі шешімдер» бағдарламасы аясында жарықтандыру жүйесі кешенді түрде қайта жабдықталды
АЛМАТЫ. 19 мамыр. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -Алматыда Қазақстан - Philips компаниясы жаһандық «Салауатты мектептер - зерделі шешімдер» атты сауықтыру-білім беру бағдарламасы аясында Алматы қаласындағы №63 жалпы орта білім беру мектебінде жарықтандыру жүйесін кешенді түрде қайта жабдықтады.
Аталмыш бағдарлама бойынша іске асқан жоба Philips компаниясының Қазақстандағы алғашқы әлеуметтік жобаларының бірі болып табылады.
Бағдарлама аясында компания мектептегі барлық сыныптарға (42 сыныпқа) өзінің қаржысы есебінен, тегін тозған жарық беруші құрал-жабдықтарды Philips-тің энергия тиімді жаңа шамдары мен шырақтарына ауыстырған. Аталған мектептегі жарықтандыру техникасы 35 жылдан астам уақыттан бері жаңартылмай келген. №63 жалпы орта білім беру мектебінде оқитындар негізінен халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз қорғалған топтарынан шыққан балалар, соның ішінде мектептің жанында орналасқан №2 балалар үйінің тәрбиеленушілері.
Аталмыш мектептің педиатры мен ұстаздар қауымының айтуынша, мектептегі жаңа жарықтандыру оқушылардың зейіні мен оқу үлгерімін арттырып, едәуір жақсаруына ықпал еткен.
«Негізінен бұл бағдарламаны Philips компаниясы әлемнің 38 елінде іске асыруда. 2010 жылы бұл бағдарлама 667 мектепте іске асырылды. Алдағы уақытта компания Астанадағы мектептердің біріне жарықтандыру жүйесін кешенді түрде қайта жабдықтамақ, қазіргі уақытта осы іс бойынша келісімдер жүргізілуде. Бұл Алматыдағы ілкі жобаны іске асыруға шамамен айтқанда 20 мың еуро жұмсалды», - деді Philips компаниясының Қазақстандағы корпоративті коммуникациялары жөніндегі маманы Александра Шпакова. Оның айтуынша алдағы уақытта «Салауатты мектептер - зерделі шешімдер» бағдарламасының ауқымы мен бюджеті ұлғаймақ.
«Біз Philips компаниясына және аудандық білім департаментіне дәл біздің мектебімізде осы әлеуметтік жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін ұсынғаны үшін алғысымызды білдіріміз. Біз оқыту жағдайларын едәуір жақсартып қана қоймай, сондай-ақ, электр қуатына кететін шығындарды едәуір төмендетуге мүмкіндік алдық. Оның дәлелі ретінде қорытынды аудит нәтижелерін атауға болады, оның нәтижелері көрсеткендей, сыныптардың жарықтандырылу сапасы мен деңгейі 80%-ға артып, ал құрал-жабдықтарды орнату күнінен бастап электр қуатын үнемдеу 17%-ды құрады», - деп атап өтті №63 жалпы орта білім беру мектеп директоры Бақыт Қосаева.
Philips компаниясының өкілі Александра Шегайдың айтуынша, «Салауатты мектептер - зерделі шешімдер» атты сауықтыру-білім беру бағдарламасы оқушылар бойында табиғат қорларын пайдалану және қоршаған ортаны қорғауға жауапкершілікпен қарау секілді қасиеттерді қалыптастыруды мақсат тұтады.