10:18, 05 Тамыз 2022 | GMT +5
Алматыда мектепті кеңейту үшін жайқалып тұрған ағаштарды кесіп тастады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы тұрғыны «Самал-3» ықшамауданындағы мектеп құрылысы жүріп жатқан жердегі қылқан жапырақты ағаштардың кесілуіне наразы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Алматылық мектеп құрылысының видеосы мен суретін әлеуметтік желіде жариялады.
«Жасыл желек оталып кетті, мектепті кеңейтіп жатыр. Тым болмаса бір ағаш қалдыруға болар еді. Бұл мектептің оқушылары құрылыс компаниясын сотқа береді деп үміттенемін. Ол жерде қарағайлар болды. «Самал-3» ықшамауданының маңы, 25 корпус. Фото бір ай бұрын түсірілген», — деп жазды алматылық.
Алматы қалалық экология және қоршаған ортаны қорғау департаменті жоғарыда аталған мекенжайға бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, рұқсат берілгенін хабарлады. Басқармадағылар мәлім еткендей, жобада мектептің іргелес аумағын абаттандыру қарастырылған. Ал рұқсат аясында жалпы пайдаланымдағы жерлерге өтемдік көшет отырғызылады.
«Жоба бойынша құрылыс алаңында өсіп тұрған 19 ағаш кесілді, оның алтауы қылқан жапырақты. Өтемдік отырғызу іргелес аумақта және жалпы пайдаланудағы жерлерге 60 дана қылқан жапырақты және 130 дана жапырақты ағаш отырғызылады»,- деп хабарлады ведомстводан.
Фото: facebook.com/Дежурный по городу