Алматыда мемлекет қайраткері, майдангер-жазушы Т.Жангелдиннің өмірі туралы деректі фильм көрерменге жол тартты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мемлекет қайраткері, ғалым, майдангер-жазушы Тоқтағали Жангелдиннің туғанына 100 жыл толуына «Ғылым ордасы» РМК ғылыми конференция өтті. Жиын барысында майдангердің өмірі туралы деректі фильм көрерменге жол тартты.

Алматыда мемлекет қайраткері, майдангер-жазушы Т.Жангелдиннің өмірі туралы деректі фильм көрерменге жол тартты

Конференцияға қатысушылар белгілі қоғам қайраткерінің өмірі мен мен қызметін отан қорғауға қосқан үлесін, Беларусь майданындағы партизандық қозғалыстың көшбасшысы ретіндегі рөлі талқылады.

«Мен үшін Беларусь елінің азаматы ретінде осы шараға қатысып жатқаным үлкен мәртебе. Қазақтың батыр ұлы тау-тасты паналап жүріп менің отанымды азат етуге барын салды. Әр мемлекет өзінің осындай ерен туған ұлдарының ерлігін есте сақтауы керек», - деді Қазақстандағы Беларусь елшілігінің Алматы бөлімшесінің кеңесшісі Сергей Жартун.

ҚР БҒМ ҒК Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжановтың айтуынша, Беларусь майданында 3000-ға жуық қазақстандық партизан жасағында соғысқан.

«Тоқтағали Жангелдин Беларусь жерінде өзінің өмірін бәске тіккенімен қоймай, отанының зияткерлік, ғылыми, шығармашылық потенциалын арттыруға мол үлес қосты», - деді Х.Әбжанов.

Жангелдин Тоқтағали 1916 жылы Семей облысында туған. 1938 жылы Қазақ педагогикалық институтын аяқтаған соң, педагогтық қызметпен айналысқан. 1940 жылы қызыл әскер қатарына шақырылып, ҰОС-қа қатысып, артилерриялық взвод командирі болады. Кескілескен шайқаста Жангелдин ауыр жарақат алып, Беларусь қозғалысына партизандар қатарына кіреді. 1944 жылға дейін Борисов қаласы түбінде «Коля атай» бригадасы қатарында болады. Партизандар оны бригада комиссарының орынбасары етіп тағайындады. Соғыстағы қайтпас қайсарлығы мен батылдығы үшін көптеген орден және медаль иеленді.

Соғыс аяқталған соң Тоқтағалиды Қазақстанның Орталық комитетіне жіберді, Алматыда хатшылық қызмет атқарды. Орталық комитет оны Мәскеуге Жоғары партиялық мектепке оқуға жібереді. Оқуы аяқталған соң, Қазақстанның Жоғары партиялық мектебіне оқытушы болып орналасады.

1954 жылы Қоғамдық ғылымдар Академиясын аяқтап, Мәскеуде философиядан диссертация қорғайды. Партия басқармасында бөлім меңгерушісі, кейін Институт директоры қызметтерін абыроймен атқарды.

Оның жазған монографиясы Шоқан Уәлиханов атындағы жүлдеге ие болды. Сонымен бірге, Беларусь қозғалысы жөнінде повестер мен әңгімелер жинағын жарыққа шығарды.

Отан алдындағы адал қызметі үшін Т.Жангелдин «Қызыл Еңбек Жұлдызы» орденімен екі мәрте, «Құрмет белгісімен», «Партизандық жұлдыз» чехословакиялық орденімен марапатталды.

Майдангер жазушы 1973 жылы көз жұмып, Алматы қаласына жерленді.