19:10, 23 Тамыз 2010 | GMT +5
Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері Д. Қонаевты еске алу күні өтті
АЛМАТЫ. Тамыздың 23-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Еліміздің айтулы азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қайтыс болғанына 17 жыл толуына орай, Алматыда бірнеше шара өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараны ұйымдастырушылар Д. Қонаев мұражай үйі мен Алматы қаласының мәдениет басқармасы.
Еске алу күнінде Кеңсайдағы Д. Қонаевтың зираты басында құран бағышталып, қалада ұлы тұлғаның мүсініне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Бұдан соң еске алу рәсімі Д. Қонаевтың мұражай үйінде өтетін шаралармен жалғасты.
Онда 100-ден аса фотосурет мен 50-ге жуық тарихи сырға толы жаңа жәдігерлер қойылған. Сонымен қатар, келушілерге «50 жыл Ел ағасы» атты экскурсия жүргізіліп, «Д.А.Қонаевтың 80 жылдығында» атты деректі фильм мен биыл жарыққа шыққан жаңа кітаптардың таныстырылымы болды. Шараның соңында «Біз Қонаевты білеміз бе?» атты викториналық сұрақ-жауап ұйымдастырылып, әр келушіге естелік кітаптар сыйға тартылды.