Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевқа арналған фотосуреттер көрмесі өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, журналист Кәкімжан Қазыбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай фотосуреттер көрмесі өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оны Дінмұхамед Қонаев мұражайы ұйымдастырып отыр. Екі бөлімнен тұратын бұл көрменің біріншісіне Кәкімжан Қазыбаевтың қоғамдық қызметі, ресми тұлғалармен түскен суреттері, ал екіншісіне отбасылық суреттері топтастырлып отыр. Енді мамырдың 23-інде Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында К. Қазыбаевтың 80 жылдығына арналған еске алу кеші өтпек.
Кәкімжан Қазыбаев 1929 жылы мамырдың 10-ы күні Алматы облысы Сарқан ауданындағы Ағарту кеңшарында, қазіргі Кәкімжан Қазыбай деп аталатын ауылда дүниеге келген. 1952 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, шығармашылық қызметін республикалық «Лениншіл жас» газетінің әдеби қызметкерлігінен бастап, жауапты хатшы және Алматы облысының «Жетісу» газетінің редакторының бірінші орынбасары болды. Кейін әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтерудегі біліктілігі мен парасаттылығының арқасында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, Республика Министрлер Кеңесі жанындағы Ақпарат агенттігінің (ҚазТАГ) директоры болып тағайындалды. Сондай-ақ республика Үкіметінің құрамына енгізіліп, 1982 жылы Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы, ҚКП ОК Бюро мүшесі болды. Өмірінің соңғы кезеңінде «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы (1986-1989 жылдары) болып жұмыс жасаған қаламгер «Кернеген кек», «Құпия», «Ызғар», «Сұрапыл», «Октябрь өрендері», «Ақиқатқа ар серік», «Аманат», «Қышыма» деп аталатын романдар мен повестерді өмірге әкелді. Сондай-ақ көркем аударма саласында С.Штеменконың «Бас штаб соғыс жылдарында» атты мемуарлық кітабын және Б.Момышұлының «Офицер күнделігін» қазақ тіліне тәржімалады.