Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері Тұрғанбек Қатаевты еске алуға арналған конференция өтті
trong>Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де мемлекет және қоғам қайраткері Тұрғанбек Қатаұлы Қатаевты еске алуға арналған «Қазақстан жоғары мектебінің мәселелері» атты ғылыми конференция өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәслихатқа жоғары оқу орындарының ректорлары, іргелі ғалымдар қатысты.
Басқосуда Қазақстан жоғары мектебінің қазіргі жағдайы, Болон үдерісіне кірудегі мәселелер, педагогикалық жоғары білім беру жайы талқыланды. Сонымен қатар, Қазақстан жоғары мектебінің көрнекті ұйымдастырушысы Тұрғанбек Қатаевтың қызметі жөнінде кеңінен айтылды.
«Тұрғанбек Қатаевтың есімі Қазақстан тарихында халыққа білім берудің ірі ұйымдастырушысы ретінде танымал. Еліміздің жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарында оның көптеген шәкірттері жемісті еңбек етуде. Биыл аман болғанда 90 жасқа толатын еді», деп еске алады ҚР ҰҒА академигі Көпжасар Нәрібаев. Оның айтуынша, Тұрғанбек Қатаев министр болған жылдары Қазақстанның жоғары оқу орындары гүлденіп, дамып қана қойған жоқ, елімізде жаңадан 10 жоғары білім беретін оқу орталықтары ашылған, оның бесеуі Алматы қаласында бой көтерді.
Тұрғанбек Қатаев Жауынгерлік Қызыл Ту, үш рет Еңбек Қызыл Ту, Отан соғысының бірінші дәрежелі, "Құрмет белгісі" ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Оның бірнеше кітаптары жарық көрген. Тұрғанбек Қатаев 2004 жылдың наурыздың 17-де дүниеден өтті.