Алматыда мемлекетік кірістер департаментінің бас маманы парамен ұсталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Мемлекетік кірістер департаментінің бас маманы пара алғаны үшін қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әуезов аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының ақпарат қабылдау және өңдеу орталығының бас маманы 470 мың теңге көлемінде пара алған. Ол үшін бас маман пара берген адамға көлік салығы төленгені туралы жалған анықтама беруі тиіс болатын.
«Бұл қызметкер салық төлеушінің берешегі бар екендігін білген. Өйткені, қозғалтқышының көлемі үлкен көліктерге салық төленуін қадағалау ол кісінің тікелей міндеті. Кейін бұл анықтамамен салық төлеуші Арнайы ХҚКО-ға барып, көлік салығы төленгенін айтқан», - деді баспасөз қызметінен.
Тергеу жұмыстары барысында оның екі сыбайласы табылды. Бұл азаматтар кінәсін мойындады.
Болашақта мұндай олқылықтар болмас үшін департаментте арнайы комиссия құрылды.
Қазір күдікті қамауға алынды.