Алматыда Мемлекеттік күзет қызметінің 285 жас сарбазы әскери ант қабылдады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Батыр» Президенттік полкінің алаңында Мемлекеттік күзет қызметінің «Көктем - 2016» маусымы бойынша әскери борышын өтеуге шақырылған сарбаздардың салтанатты ант беру рәсімі өтті.
None
None

Салтанатты шараға ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, генерал-лейтенант Амантай Күреңбеков, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, қоғам қайраткерлері, жас сарбаздардың туған-туыстары және БАҚ өкілдері қатысты.

Өзінің алғы сөзінде ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы генерал-лейтенант А. Күреңбеков жас сарбаздарға Елбасы мен өзге де күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және объектілердің қорғалуы бойынша жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқара алатындықтарына сенім білдірді.

«Сіздерге Елбасы мен өзге де күзетілетін адамдар және нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында зор жауапкершілік жүктеледі. Ол үшін батылдық пен қырағылық, саптық тәртіп пен әскери антқа адалдық қажет», - деді А. Күреңбеков.

Өз кезегінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек Қазақстанның дәйекті түрде Ұлттық қарулы күштерді дамытып келе жатқандығын атап көрсетті.

«Біздің елде ҚР Президенті, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында Қарулы күштерді жаңартуға және нығайтуға қашанда жіті көңіл бөлініп келеді. Бүгінде Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты, мемлекеттік шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатын заманауи кәсіби армия құрылды деп нық сеніммен айтуға болады. Әскери қызметтің беделі жыл өткен сайын арта түсуде. Сол үшін де өз еріктерімен әскер қатарына аттанып жатқан жастар көбейіп келеді», - деді Б. Байбек.

Айта кетелік, әскери ант мемлекеттік құжат бола отырып, әскери қызметшілерден әскери қызметтің міндеттерін бұлжытпай орындауды, әскери істі адал оқып-үйренуді, сеніп тапсырылған қару мен әскери техниканы шебер қолдануды және күтіп ұстауды талап етеді.

Ант қабылдағаннан кейін бүгінгі сарбаздар Алматы мен Астана қалаларындағы ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдеріне жіберіледі. Онда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының, басқа да күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ерекше тапсырмаларды, дәстүрлі рәсімдерді орындайды, сондай-ақ, Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның эталондарын күзетеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінде тек үздік әскери қызметшілер ғана қызмет атқарады, сондықтан бұл әскери құрылымға сарбаздарды іріктеу ісіне басымдылық беріліп, таңдау мұқият әрі қатаң түрде жүзеге асырылады.

Әскерге шақырылған азамат бойынша барлық мәліметтер анықталады: оқу және жұмыс орындарынан мінездемелер, қоршаған ортасы, әуестіктері мен бейімділігі, медициналық деректері тексеріледі. Сонымен қатар, бойы 180 см. кем болмауы тиіс.

Бұл жерде Отанға адал қызмет атқара алатын, қысылтаяң сәттерде өз бетімен дұрыс шешім қабылдай білетін, моральдық тұрғыда берік, дене бітімі шымыр, психологиялық жағынан тұрақты жігіттерге басымдық беріледі.

Бүгінгі шара барысында Президенттік оркестрдің әскери қызметшілері және «Айбын» Президенттік полкінің Құрметті қарауылы жаңа плац-концерт бағдарламасы бойынша өнер көрсетті.

Соңғы жаңалықтар