Алматыда «мемлекеттік қызметші» жеке кәсіпкерден пара алып жатқанда ұсталды
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Бостандық ауданы бойынша Ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен бірлесе отырып, ішкі қауіпсіздік мәселесі бойынша жүргізген жедел-іздестіру шарасы аясында жұмыссыз тұрғынды қолға түсірді. Өзін мемлекеттік кіріс департаменті қызметкерімін деп таныстырған күдікті А. Баймолданов «Ж» есімді жеке кәсіпкерден 50 000 теңге пара алып жатқан жерінде ұсталды. Жеке кәсіпкерлердің қаржылық сауатсыздығын пайдаланған А.Баймолданов бұған дейін де бірнеше рет пара алып келген.
«Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, А.Баймолдановтың өзге қылмыстарға қатыстылығы анықталу үстінде», - делінген хабарламада.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті аталған тұрғынның алдауына түсіп, алаяқ әрекеттің құрбаны болған жандарға мына мекенжай бойынша хабарласуын сұрайды: Алматы қаласы, Жібек Жолы көшесі 127 ғимарат немесе 279-29-56 сенім телефоны сонымен қатар, Бостандық ауданы бойынша ІІБ-нің 254-47-02 телефоны.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, жемқорлыққа қарсы тұру мақсатында қызметкерлер арасында тұрақты түрде тексеру жұмыстарын жүргізіп тұрады.
«Соның негізінде, 16 қазан күні Мемлекеттік кірістер департаментінің Жетісу ауданы бойынша маманы заңды тұлғадан қосымша құн салығын тіркеуге қатысты қабылданбаған шара үшін 10 000 теңге пара алу үстінде жеке кабинетінде ұсталды», делінген хабарламада.