13:12, 07 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда «Мемлекеттік сатып алу-2009» акциясының үш кезеңінде 15 мыңдай шағын және орта бизнес өкілдері қатысты
АЛМАТЫ. Ақпанның 7-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда қызмет пен тауар түрлерін мемлекеттік сатып алу акциясының 3 кезеңіндегі шараларға 15 мыңға жуық шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.

Оны қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Наталья Коржованың қатысуымен өткен мемлекеттік сатып алу және электронды сауда тәртібін түсіндіруге арналған алқалы жиында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Мемлекеттік сатып алу-2009» акциясының алғашқы кезеңі желтоқсанның 22-26 күндері өтті. Онда бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері биылғы жылға арналған мемлекеттік сатып алу жоспарларын ұсынды. Мемлекеттік сатып алудың жалпы көлемі бірінші кезең бойынша 109,3 миллиард теңгені құрады. Қаңтардың 19-23 күндері өткен акцияның екінші кезеңінде 279 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның 20,7 миллиард теңгелік сатып алу жоспары ұсынылды. Ал қаңтардың 30-ы күні өткен үшінші кезеңде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-на қарасты 17 ұлттық компания өз жоспарларын ұсынған болатын», дейді Ахметжан Есімов. Қала әкімінің айтуынша, бұл акцияларға 15 мыңға жуық шағын және бизнес өкілдері қатысты. Олардың қорытындысы бойынша әлеуетті қатысушыларға қолайлы болу үшін арнайы жинақ шығарылды. Онда бюджеттік бағдарламаларды ұйымдастырушылардың жоспарларына қатысты барлық ақпарат қамтылған. Сондай-ақ барлық тендерлік комиссияларға Іскерлік кеңестің мүшелері болып табылатын бизнес қауымдастықтардың өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар енгізіліп отыр. Бұл шаралардың бәрі мемлекеттік сатып алу кезінде алматылық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің үлесін артыруға бағытталған.