Алматыда мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша комиссия құрылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша комиссия құрылды. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Алматыда мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша комиссия құрылды

Комиссияны құрудағы мақсат - мемлекеттік сатып алудағы жергілікті мазмұн мәселесі бойынша мемлекеттік органдар мен отандық тауар өндірушілердің өзара әрекеттестігін қамтамасыз ету.

Комиссияның бірінші отырысы отандық тауар өндірушілердің денсаулық сақтау саласына қатысу мәселесін шешуге арналды.

Бұл шараға мемлекеттік сатып алудың бас операторы ретінде - Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мен оған ведомстволық бағыныштағы мекемелердің өкілдері және алматылық тауар өндірушілер қатысты.

Шара барысында тараптар жеке медициналық клиникалар мен отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысу мәселелері, мемлекеттік сатып алуды өткізудің ашықтығы және 2016 жылдың жоспары талқыланды.

Отырыс барысында Денсаулық сақтау басқармасы жанында Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, инновациялық және дағдарысқа қарсы даму мәселелері жөнінде жұмыс органының құрылғандығы белгілі болды.

Оның қызметі тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу барысында қазақстандық мазмұнның үлес салмағын арттыруға бағытталатын болады.

Кездесу қорытындысы бойынша тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу барысында қазақстандық мазмұнды арттыру бойынша тауар өндірушілер мен медициналық мекемелер және жергілікті билік арасында ортақ келісімге қол жеткізілді.

Одан басқа, биылғы жылдың алғашқы жартысында комиссия құрылыс, энергетика, білім және тағы бірқатар салалардағы мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша осындай отырыстар өткізетін болады.

Айта кетелік, Алматыда 2015 жылы медициналық қызмет көрсету нарығының көлемі - 39,9 млрд. теңгені құрады. Бүгінгі таңда қалада 928 жеке медициналық мекеме жұмыс атқарады. Олардың ішінде 16-сы - ірі мекемелер.

Мемлекеттік сатып алудың басым бөлігі осы салаға тиесілі - 26 млрд. теңге немесе 61 пайызды құрайды. Ал республика бойынша қазіргі таңда 91 фармацевтикалық кәсіпорын жұмыс атқарады. Олардың ішінде 46 кәсіпорын, яғни 50 пайыздан астамы Алматы қаласында орналасқан.