Алматыда «Мемлекеттік тіл - менің тілім» атты салтанатты жиында қазақ тілін дамыту мәселелері талқыланды (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Достық үйінде» халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып «Мемлекеттік тіл - менің тілім» атты салтанатты іс-шара өткізді.
Алқалы мәжіліс басталар алдында оған жиналған зиялы қауым өкілдері Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамында талай жыл аянбай еңбек еткен, қазақ тілінің дамуына зор үлес қосқан, таяуда ғана дүниеден озған қоғам қайраткері, әдебиетші, ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы мен Астана қалалық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы болған Мұрат Әбдірахмановты бір минут үнсіздікпен еске алды. Осыдан кейін, кіріспе сөзінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы бүгінгі жиын Елбасының қазақ тіліне қатысты бастамаларынан туындап жатқан идеяларды әрі қарай өрістету, оларды іске асыруға мүмкіндік беретін нақты іс-шараларды қолға алу мақсатында ұйымдастырылғандығын айтты. «Мақсатымыз өздеріңізбен ақылдаса-кеңесе отырып, мемлекеттік тіліміздің өрісін кеңейтетін, сапалық дамуын қамтамасыз ететін, ортақ құндылықтар мен ортақ ақпараттық-мәдени кеңістігімізді қалыптастыратын кешенді шараларды бірлесе іске асыру жолдарын қарастыру, ортақ мақсат жолында ақыл-ойымыз бен күш-жігерімізді біріктіру», - деді Ө. Айтбайұлы. Сонымен қатар ол тіл мәселесі жекелеген ұйымдардың шаруасы емес, бүкіл ел болып, қоғам болып жұмыла көтеретін ұлы игі іс екендігін жеткізді. «Мемлекеттердің даму барысына көз жүгіртер болсақ, кез-келген елдің мемлекеттік тұтастығын қалыптастыруға алғышарт ретінде қызмет ететін төрт түрлі діңгек бар, олар: тіл, тарих, мәдениет және дін. Осылардың ішінде мемлекеттік тілдің орны ерекше. Өйткені тіл бір болмай, ой бір болмайды. Ой бір болмаса, ортақ мақсатқа қол жеткізу де мүмкін емес», - деді Ө. Айтбайұлы. Сондай-ақ, бүгінгі жиында қазақтар шоғырлана қоныстанған шет елдерде және бауырлас түркі мемлекеттерінің астаналарында «Қазақ тілін үйрету орталықтары желісін құру туралы» меморандумға қол қою рәсімі болады деп күтілуде. Меморандумға мемлекеттік, мемлекеттік емес, акционерлік, қоғамдық және жеке меншік мекеме, жоғары оқу орны, бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да ұйымдар қатыса алады. Бүгінгі салтанатты іс-шараға халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төралқа мүшелері, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен қала әкімдігінің өкілдері, еліміздегі ұлттық-мәдени бірлестіктердің жетекшілері, ғылыми-зерттеу мекемелерінің басшылары, жоғарғы оқу орындарының басшылары, ғалымдар, қоғам белсенділері, тіл жанашырлары қатысуда. «Мемлекеттік тіл менің тілім» атты салтанатты жиын одан әрі жалғасуда. Айта кетелік, Қазақстанда 1989 жылы 22 қыркүйек күні "Тіл туралы" заң қабылданған болатын. Бұл заңда Қазақ КСР-інің мемлекеттік тілі қазақ тілі, ал орыс тілі - ұлтаралық тіл деп бекітілді. Содан бері, елімізде жыл сайын 22 қыркүйек - Қазақстан халықтарының тілдер мерекесі күні болып атап өтіледі.