Алматыда «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясы өтеді
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 18-і. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Қыркүйектің 20-ы күні Республика сарайында қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе иеленуінің 20 жылдығына орай «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясы өткізіледі,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараны республикамыздағы қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар мен мерзімді басылым басшылары, зиялы қауым өкілдері ұйымдастыруда.
«Өзінің ұлтына, ана тіліміздің бүгінгі жағдайына жүрегі ауыратын әрбір азамат күйбең тіршілігін бір сәт жиып қойып, сол жерден табылады деген сенімдеміз. Айт күні ана тілін ұлықтау да имандылықтың белгісі», дейді ұйымдастырушылар.
Акция барысында мемлекеттік тілді өрістету туралы ойлармен қатар танымал өнер шеберлерінің, «МузАрт», «Серілер», «Жебе» топтарының ана тілін, ұлттық, мемлекеттік рухты қуаттайтын әндері шырқалады.
Ел мүддесін ту еткендердің бәріне есік ашық.