Алматыда мерекеде гүл сатқандар артына толтырып қоқыс тастап кеткен
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желіде гүл сатушылар тастап кеткен қоқыстың видеосы тарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«8 наурыз күні Domillion сауда орталығына қарама-қарсы жолда гүл сатылды. Бірақ содан кейін сатушылар бәрін, бүкіл қоқысын жинамай, тастап кетті. Олардың қоқысын кім тазалайды? Бұл не сұмдық?» деп жазады желі қолданушылары.
Бұл жағдайға Алатау ауданы әкімінің аппараты түсінік берді.
«Қаланың кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы жабайы сауда орындарын болдырмау мақсатында 2023 жылдың 6,7 және 8 наурызында Халықаралық әйелдер күнін мерекелеу кезінде уақытша сауда орындарын бекітті. 9 наурызда уақытша сауда орындары тазаланып, аталған мәселелер жойылды. Басқарма алматылықтарды қоқыс тастамауға, қаланы таза ұстауға шақырады», - делінген әкімдік хабарламасында.