Алматыда «Мерседес» жол үстінде аударылды: екі адам зардап шекті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Мерседес» көлігі жол апатына ұшырап, екі адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшіс оқиға орнынан.
Жол-көлік апаты Рысқұлов көшесінің Құлжа күре жолымен қиылысар тұсында болды. «Мерседес» жүргізушісінің айтуынша, ол Рысқұлов көшесімен шығыс бағытқа кетіп бара жатқан.
«Жолдың ортасында келе жатыр едім, кенет оң жақтан бір көлік шығып, дереу солға бұрылды. Онымен соқтығысудан қашып, бірден солға бұрдым, сырғанап барып ағашқа соғылдым», - деді жүргізуші.
Ағашқа соғылған «Мерседес» екпінмен барып жол үстінде аударылып қалған. Оқиғадан екі адам зардап шекті: жүргізуші мен оның әйелі. Жедел жәрдем әйел жолаушыны ауруханаға алып кетті. Жүргізуші медициналық көмектен бас тартты.
Полиция оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.