Алматыда мешіт пен шіркеу маңында алаяқтықпен айналысып келген 30 жастағы әйел әшкереленді

АЛМАТЫ. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 1 жыл бойы жұртшылықты алдап, олардың қаржысын өз игілігіне жұмсап келген әйел ұсталды.

Алматыда мешіт пен  шіркеу маңында алаяқтықпен айналысып келген 30 жастағы әйел әшкереленді

Тергеу амалдары кезінде оның қайырымдылық жасаумен айналысам деп өз әркеттерін мешіттер мен шіркеулер маңында жүзеге асырып келгені анықталып отыр. Бір таңғаларлығы, жәбірленушілердің бірде біреуі оның нақты қай жерде, қандай қайырымдылық орталығында тіркелгендігі туралы құжаттарын көрсетуін талап етпеген. Олардан 300 теңгеден 8-9 мың АҚШ долларына дейін ақша алған оның арбауына 20-дан аса қала тұрғыны түскен.

«Үнемі құлшылық етіп, садақа беріп жүрген азаматтар мешіт маңайынан қайырымдылық шарамен айналысып жүрген әйел хабар-ошарсыз кеткенде ғана күдіктене бастаған. Ақыр соңында өздерінің алаяқ әйелдің құрбанына айналғандарын сезген соң полицияға шағым түсіруден басқа амалдары қалмаған. Осыған орай тәртіп сақшылары жедел тергеу тобын құрып, күдікті әйелді іздеуге кіріседі. Нәтижесінде оңай ақшаға кенелген күдікті Алматы облысындағы үйінде құрықталды. Қазіргі таңда оған қатысты ҚР ҚК 177-бабының 3-тармағына сәйкес алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», дейді Алматы қаласы ІІД баспасөз кызметінің өкілі Талғат Сейілбаев. Оның айтуынша, тергеу амалдары аяқталғанша зардап шеккендер саны арта түседі деген болжам бар.