Алматыда метрополитен желісін кеңейтуді жалғастыру қажет - Мемлекет басшысы
«Қазір Алматыда жолаушы тасымалының негізгі үлесі автобустар мен троллейбустарға тиесілі. Сонымен қатар, бағдарлық желі жеткілікті түрде тиімді ұйымдастырылмаған», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент қалалық бағдарлардың көбісі өте ұзын екенін, қала және қала маңындағы қоғамдық көліктер бір-бірімен нашар байланысқанын, тасымалдау үшін ыңғайлы көлік тораптары жоқ екенін атап өтті.
«Бұл жағдайды тез арада өзгертуіміз керек. Қоғамдық көліктердің тартымдылығын дәйекті түрде арттырып, сонымен бірге жеке көліктерді пайдалануды қысқартуды ынталандыру керек. Бұл ретте метрополитен желісін кеңейтуді жалғастыру қажет», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президенттің айтуынша, мектептер мен балабақшаларға көлікпен кедергісіз бару мәселесіне назар аудару керек. Себебі таңертең, түсте және кешкі уақытта қала жолдарындағы көлік кептелісіне аталған нысандарға баратындар да әсерін тигізіп отыр.
«Жалпы, жол мен көлік саласындағы проблемаларды анықтау және тиімді шешімдерді әзірлеу тұрғысында тұрғындар мен тәуелсіз сарапшыларды белсенді тарту қажет. Жолдағы қауіпсіздік мәселесі де қаладағы өмір сапасының маңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Оң үрдістерге қарамастан, жол-көлік оқиғалары әлі де жиі кездеседі. Бұл аса маңызды мәселені шешу үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Адамдар – біздің басты байлығымыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.