Алматыда мейрамханалар түнгі клуб болып қайта ашылып, карантинді бұзып отыр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында мейрамханалар түнгі клубтарға қайта бейімделіп, карантин режимін бұзып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Коронавирусқа қарсы ведомствоаралық комиссияның мәліметінше, Алматы қаласында 2020 жылғы 8 қазаннан бері 32 мониторинг тобы жұмыс істеп келеді.
2020 жылдың 8 қазанынан жыл соңына дейін 648 рейд жүргізіліп, 5 464 объекті рейдпен қамтылған. Оның барысында карантинді бұзудың 1100 (20,1%) фактісі анықталған.
Мониторинг топтарының тексеру нәтижесі бойынша әкімшілік құқық бұзу туралы 959 хаттама жасалды, оның ішінде заңды тұлғаларға – 48 378 870 теңге сомасына 243 хаттама, жеке тұлғаларға қатысты бетперде режимін бұзғаны үшін 29 835 720 теңге сомасына 716 айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, 16 материал сотқа беріліп, 5 іс бойынша қызметін тоқтату және 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) айыппұл салу туралы шешім қабылданды.
Оның ішінде мына нысандар бар:
• Медеу ауданы: «Манана» мейрамханасы, «Отырар бар», «Центральный» кафесі, «Hookan Dreems» лануж-бары, «Nebo» бары, «Orange» мейрамханасы, «Артист» бары;
• Түрксіб ауданы: «Раяна» мейрамханасы, «Атлантида» бильярд клубы, «Прованс» кафесі;
• Алмалы ауданы: «Арагоста» кафесі, «Дегирмен» мейрамханасы, «Дореми» караокесі;
• Әуезов ауданы: «Мята» лаундж-бары, «Алмалы» караоке-бары, «Playstation Go» ойын клубы.
Сонымен қатар, қалада мейрамханаларды түнгі клубтарға қайта бейімдеу үрдісі байқалып отыр. Мұндай әрекет коронавирус инфекциясының таралу қаупін арттырады.
Мұндай факті Royal Tulip мейрамханасында тіркелген.