Алматыда "Мигрант" операциясы кезінде іздеуде жүрген 8 қылмыскер ұсталды
АЛМАТЫ. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыдағы "Мигрант" операциясы кезінде ТМД елдерінің 1828 және алыс шет мемлекеттердің 258 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бұл шара кезінде сауда үйлері, кафе, бар, мейрамханалар, көңіл көтеру орындары, базарлар мен оған қарасты аумақтар, тұрғын үйлер және шетелдіктер тұратын мейманханалар, жатақханалар қаралды. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күші пайдаланылатын 287 кәсіпорын мен ұйым, шетелдіктер оқып жатқан 160 оқу орны және "отты" нүктелерден келген 248 адамның мекен-жайы тексерілді", дейді департаменттің көші-қон полиция басқармасы бастығының орынбасары Айкелді Асанов. Оның сөзіне қарағанда, операция кезінде Қырғызстанның 412, Өзбекстанның 271 азаматының елімізде болуы мерзімі қысқартылып, 7 автобуспен ел аумағынан шығарылды. Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының шешімін орындамаған Өзбекстанның - 2, Тәжікстанңың - 1 азаматының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар қылмыс жасап іздеуде жүрген 1 өзбекстандық пен 7 қазақстандық азамат ұсталды.