Алматыда «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасының алғашқы күнінде көші-қон заңдарын бұзған 168 келімсек анықталып, оның отыздан астамы ел аумағынан аластатылған
АЛМАТЫ. 7 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда «Мигрант» жедел-алдын алу алу іс-шарасы басталды. Бұл ауқымды іс-шараның мақсаты ҚР аумағына заңсыз шекара асып келетін келімсектердің жолын кесу болып табылады.
«Қазіргі уақытта көші-қон полиция қызметкерлері тәртіп сақшыларымен бірге ел аумағына көші-қон заңнамаларын белден басып қала базарларында нәпақа тауып жүрген келімсектерді анықтау және оларды елімізден аластату жұмыстарын жүргізуде, сондай-ақ олар барлық дәмханаалар мен асханаларға да тексеру жүргізуде. Алғашқы күннің өзінде көші-қон заңдарын бұзған 168 келімсек анықталып, отыздан аса келімсек ел аумағынан аластатылды. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары заңсыз шет ел азаматтарының жұмыс күшін пайдаланып келген бірнеше мекеме мен кәсіпорындардың лауазымды 145 тұлғасын анықтады. Лауазымды тұлғалардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал құрықталған азаматтар сот шешімімен ел аумағынан аластатылатын болады», - деді Алматы қаласы ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ержан Оразбеков.
Оның айтуынша, келімсектердің басым көпшілігі ел аумағына келгеннен кейін жұмыс істеуге арнайы рұқсат алмақ түгілі, арнайы есепке де тұрмайтын көрінеді.
«Мигрант» жедел алдын-алу іс-шарасы ақпан айының 10-ына дейін жалғасады.