Алматыда «Мигрант» жедел сауықтыру шарасы өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Желтоқсанның 8-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда «Мигрант» жедел-сауықтыру шарасы өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заңсыз еңбек күштерін анықтау мақсатында өткізіліп жатқан шара барысында жеке үйлер көп шоғырланған Алатау, Жетісу аудандарында, базарларда, тұрғын үйлерде, тамақтану орындарында тексеру шаралары жүргізілуде», дейді Алматы қалалық миграциялық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Марат Кезембаев.Оның айтуынша, полиция қызметкерлері шара басталған алғашқы күннің ішінде 42 мекеме мен 18 оқу орнын тексерген. Тексеріс нәтижесінде Қазақстанға келу заңдылығын бұзған 143 шетелдік ұсталған. Оның 139-ы ТМД елдерінің азаматтары. 3-і Ауғанстан, 1-і Түркия елінің азаматы.
Марат Кезембаевтың айтуынша, шара басталғаннан бері Қазақстанға келу заңын өрескел бұзған 14 шетелдік анықталып, олардың барлығы өз елдеріне қайтарылған. Ал тағы 31 шетелдік уақытша оқшаулау орынына жеткізілген. Олардың қайдан келгені анықталған соң елдеріне қайтарылмақ. Бұлардың елімізге заңсыз келуіне көмектескен 50 қазақстандық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.