Алматыда ММА турниріне қатысушылардың салмақ өлшеу рәсімі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат -  8 қыркүйекте сағат 19:00-де «MЕGA ALMA-ATA» ойын-сауық орталығының алдында (Розыбакиев көш. 289) Кәсіпқой аралас жекпе-жек турнирі - «ALASH РRIDE - АСВ» қатысушыларының салмақ өлшеу және көз түйістіру рәсімі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыда ММА турниріне қатысушылардың салмақ өлшеу рәсімі өтеді

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстан, Ресей, АҚШ, Бразилия, Литва, Румыния және Тәжікстан сынды елдердің атышулы файтерлері өздерінің ақырғы дайындықтарын көрсетіп, қарсыластарымен алғаш рет бетпе-бет келеді.

«ALASH PRIDE - АСВ»  ММА турниріндегі  басты жекпе-жек 9 қыркүйекте Арман «Сұңқар» Оспанов пен бразилиялық Тьяго «Manchinha» Луис Силва арасында өтеді. 

Арман Оспанов кәсіпқой аралас жекпе-жекте сегіз кездесу өткізіп, барлығында  айқын жеңген. Оның қарсыласы ТьягоЛуис Силва (12-5) бразильдік джиу-джитсудан қара белбеу иегері және «Shooto Brasil» ұйымының әлем  чемпионы.

Сонымен қатар, Қазақстан атынан «Alash Pride FC» өкілдері - Асылжан Бақытжанұлы, Евгений Егембердиев, Асу Алмабаев, Қаршыға Дәуітбек, Бахтияр Несіпбек пен Игорь Свирид айқасқа түспек.