Алматыда Момышұлы көшесіндегі жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі қашан салынып бітеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар желіде көлік көп жүретін Момышұлы көшесіндегі жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінің жабық екенін айтып шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда Момышұлы көшесіндегі жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі қашан салынып бітеді
Видеодан алынған кадр/t.me/qonandoylex

Алматы тұрғыны желіге құрылысы аяқталмаған Момышұлы көшесіндегі жабық жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінің видеосын салды.

«Көлігі азаймайтын Момышұлы көшесіндегі жалғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін жөндеу жұмысына жапқан. Оған балама ретінде мұнда басқа өткел де жоқ. Енді жаяу жүргіншілер қажетті автобус пен аялдамасына бару үшін жолдан»сайғақ«болып жүгіріп өтуге тура келеді. Себебі, мұнда ең жақын аялдамаға жету үшін 400 метр жүру керек», - делінген видеодағы жазбада.

Осыған орай Алатау ауданының әкімдігі түсінік берді. Әкімдіктің мәліметінше, аталмыш жерүсті өткеліне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Жоба бойынша өткелдің сыртқы жарықтандыру шамдарын вандализмге қарсы шамдарға ауыстыру, көтеру механизмі мен электр жетегі бар лифттерді күрделі жөндеу, бейнебақылау орнату, арба және велосипедпен төмен түсу жолын орнату көзделген. Жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталады», - деп хабарлады Алатау әкімдігі.

Әкімдік сондай-ақ уәкілетті орган - Алматы қаласының мобильділік басқармасына балама жаяу жүргіншілер өткелін ұйымдастыру қажеттілігі туралы хат жолдағанын мәлім етті.