Алматыда мониторинг тобы үйлену тойы мен 75 жас мерейтойды тоқтатты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың сақталуын бақылау аясында 40 мониторинг тобы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Әкімдік мәліметінше, 22-27 наурыз аралығында 102 тексеру жүргізілді, онда 1286 нысан қамтылып, 263 белгіленген жұмыс режимінің бұзылуы, эпидемияға қарсы талаптардың сақталмау дерегі анықталды.

Заңды және жеке тұлғаларға 932 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 47 млн теңгеден асатын айыппұл салынды.

Мониторинг топтары анықтап, жолын кескен шаралар арасында үйлену тойлары, отбасылық және адамдар көп жиналатын өзге де мерекелік іс-шаралар бар.

Мысалы, Бостандық ауданында орналасқан «Batyr» мейрамханасында 50-60 адамның қатысуымен отбасылық шара – 75 жасқа толу мерейтойының өтіп жатқаны анықталды.

Әуезов ауданындағы «Парасат» мейрамханасында 50 адамға арналған үйлену тойы әшкере болды. Тойдың бәрі тоқтатылды. Тиісті шаралар қабылданды.

Айта кетейік, Алматы эпидемиологиялық жағдай бойынша әлі де «қызыл» аймақта тұр.

Өткен тәулікте қалада 415 адамнан коронавирус анықталды.

Бұрынғыша 65 жастан асқан және созылмалы ауруы бар адамдар тәуекел тобына жатады, оларға мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес беріледі.


Соңғы жаңалықтар