18:37, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Алматыда монша қызметкері жеңгетайлықпен пайда тауып отырған
АЛМАТЫ. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматыдағы моншалардың бірінде қызметкер жеңгетайлық арқылы пайда тауып отырған,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Осы уақыттарға дейін Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны техникалық қызмет көрсету стансысында механик болып жұмыс істеген. Екі ай бұрын таныстары арқылы саунаға жұмысқа орналасады. Моншашы мамандығын игеріп алған 21 жасар азамат демалушыларға жезөкшелерді саудалаумен де пайда табуды қолға алады.«Ол жеңіл жүрісті бірнеше әйелдің мекен-жайларын білген және оларды белгілі бір сомаға моншаға келушілерге саудалап отырған. Мұндай жеңгетайлардың әрекеттерін анықтау және оларды әшкерелеу аса күрделі. Оларға айып тағу үшін күдіктіні қылмыс үстінде ұстау қажет болады. Аталған азамат клиенттерінен ақша алып тұрған жерінде қолға түсті», - дейді Алматы ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Ерлан Қасым.Осы моншадан полиция қызметкерлері 4 жеңіл жүрісті әйелді ұстады. Олар Алматыда заңсыз тұрып жатқан Өзбекстан азаматтары. Клиенттер жеңгетай жігітке 15 мың теңге төлеген. Қазір барлық заттай айғақтар тергеу мақсатымен тәркіленді. Моншашы уақытша қамауға алынды», - дейді Е. Қасым.