Алматыда мотоцикл қағып кеткен әйел мерт болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда мотоцикл мінген адам әйелді баласымен бірге қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда мотоцикл қағып кеткен әйел мерт болды

Жол апатының видеосы желіде пайда болды.

«Сәтбаев көшесінің бойындағы жаңа алаңда әйелді баласымен бірге мотоцикл қағып кетті», - деп жазылған жазба астында.

Алматы қалалық Полиция департаменті 19 шілде күні сағат 22:00-де Бостандық ауданында болған оқыс оқиғаға қатысты түсінік берді.

«59 жастағы DUKE BLACK мотоцикл жүргізушісі Сәтпаев көшесімен №4 ғимаратқа қарама-қарсы батыс бағытта келе жатып Республика алаңында 2 жолаушыны қаққан. Олар 45 жастағы әйел мен оның 6 жасар баласы екен. Жол апаты салдарынан жарақат алған ана мен бала қалалық аурухананың реанимация бөліміне жатқызылды, ауыр жарақаттан әйел сол жерде көз жұмды. Сондай-ақ, мотоцикл жүргізушісі де жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Оқыс оқиға ҚР ҚК 345-бабы 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестрінде тіркелді. Тергеу жұмыстары басталды», - деді Алматы қалалық Полиция департаменті анықтау басқармасының басшысы Олжас Шәріпов.