Алматыда мүгедектердің құқығы мен мүмкіндіктері талқыланады

АЛМАТЫ. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алматыда 20 желтоқсан күні Қазақстан халықтық коммунистер партиясының  мұрындық болуымен «Мүгедектердің құқығы мен мүмкіндіктері» деген тақырыпта дөңгелек үстел жиыны өтеді.

Алматыда мүгедектердің құқығы мен мүмкіндіктері талқыланады

Оған әртүрлі саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен мүгедектер қауымдастықтарының өкілдері қатысады. Оның  қорытындысы бойынша: ҚР Парламент Мәжілісіндегі «Халықтық коммунистер»  фракциясына «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау» заңына байланысты толықтырулар мен ұсыныстар жіберіледі. Мүгедектерге байланысты қоғамда орын алып отырған проблемалар мен заңдардың орындалуы жөніндегі депутаттық сауал жолданады. Ынтымақтастық жөніндегі пакт дайындалып, оның негізінде «Мүгедектердің құқығын қорғау қоғамдық кеңесін» құру жоспарланып отыр. Қоғамдық кеңестің жоспары әзірленіп, мақсат мүдделері анықталады.

Бұған ҚХКП-ның Алматы қалалық комитеті жанындағы тегін заңгерлік көмек көрсетілетін «Қоғамдық қабылдау» бөліміне соңғы бірнеше айдың ішінде мүгедек жандардан көп арыз-шағым түсуі түрткі болып отыр. Мамандардың айтуынша, әлемнің әрбір оныншы тұрғыны мүмкіндігі шектеулы адамдар. Қазақстанда олардың саны жарты миллионға жуықтап отыр.   Бұл сандардың тасасында тәлкекке түскен тағдырлар тұр. Мүгедек жандар үшін білім алып, мансап қуу емес, қала көшелерінде серуендеудің өзі арман. Олар жәрдемақымен күн көреді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 75 пайызы еңбекке қабілетті болса да, жұмыс берушілер қабылдауға құлықты емес. Мемлекет осы істерді шешуге 3 жылға 30 миллиард теңге бөліп отыр.